Облыста жолда жүру ережелерін бұзушыларды анықтауда дрондар қолданылады. Полицейлердің айтуынша, жаңа технологиялар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін сақтауға көмектеседі.


Жолдарда «заңнан тыс аймақтар» болмауы тиіс. Солтүстік Қазақстанда полицейлер жүргізушілердің тәртібін күшейту үшін заманауи техникалық құралдардың қолданылуын кеңейтіп жатыр. Статистика бұл жұмыстың өзектілігін көрсетеді. Жыл басынан бері облыс аумағында 482 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 45 адам қаза тапты, 637 адам жарақат алды. Оның 447-сі жүргізушілердің кінәсінен болған.


СНХР: ЕВГЕНИЙ ШНАЙДЕР — ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ КОМАНДИРІ


Дрондар, әдетте, өлім-жітім жиі тіркелетін қала маңындағы трассаларда қолданылады. Бұл тәжірибе шілде айынан бері жүзеге асырылып келеді. Ұшқышсыз құрылғылар республикалық маңызы бар автожолдарда 14 құқықбұзушылықты анықтауға мүмкіндік берді. Мақсат — жазалау емес, жүргізушілер мәдениетін арттыру, жолдағы жауапкершілікті еске салу. Полицейлер жол қозғалысына қатысушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға тікелей және дауыс зорайтқыш арқылы үн қатады.


«Қауіпсіз жол» операциясының небәрі 3 күні ішінде облыс полицейлері 672 түрлі құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде 8-і — мас күйінде көлік жүргізу, 13-і — бағдаршамның тыйым салу сигналына жүру, 21-і — маневр жасау қағидаларын бұзу фактілері. Полицейлер жолда жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.