Ғабит Мүсірепов ауданының биылғы жылғы бюджеті тұрақты кірістер мен мемлекеттік қолдаудың есебінен қалыптасты. Ауданның қаржылық құрылымында салықтық және салықтық емес түсімдермен қатар, негізгі капиталды сатудан түскен табыстар да бар. Сонымен қатар, жәрдемақы мен трансферттер көлемі де маңызды орын алады. Бюджет қаражаты әлеуметтік-экономикалық дамуға, инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Биыл Ғабит Мүсірепов ауданының бюджеті 11,3 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 3,6 миллиард теңге кіріс ретінде түссе, соның 3,3 миллиарды салықтық түсімдер. Салықтық емес түсімдер 45 миллион теңгені, ал негізгі капиталды сатудан түскен кіріс 186,1 миллион теңгені құрады. Бұған қоса, аудан 6,9 миллиард теңге көлемінде жәрдемақы мен трансферттер алған. Сондай-ақ, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында аудан тұрғындарының орташа айлық жалақысы 305800 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға жоғары.

СНХ: РУСЛАН АҢБАЕВ, ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ


Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының жетекші салаларының бірі. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 116 миллиард теңгеден асты. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға жоғары көрсеткіш. Аудан диқандары 678 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын септі. Оның ішінде негізгі бөлігін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алып жатыр. Сонымен қатар, майлы, мал азықтық дақылдар, картоп пен көкөніс те өсірілді. Бұл көрсеткіштер ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

СНХ: РУСЛАН АҢБАЕВ, ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ


Сонымен қатар, ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. 2025 жылы 18,8 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, 1 қарашаға дейін 13,8 мың шаршы метрден астамы пайдалануға берілді. 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында Новоишим ауылында 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, Буденное ауылында – 5, Березовкада – 2, Привольное ауылында – 4 тұрғын үй салынуда. Володарское ауылында тағы 2 үйдің құрылысы жоспарланған.