Петропавлда ақын, өңірде айтыс өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан Жарқын Жұпарханның «Қызылжарым - Қызыр бағым» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке еліміздің түкпір-түкпірінен мәдениет және әдебиет қайраткерлері, ақындар мен өнер сүйер қауым жиналды.

Жарқын Жұпархан - Республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жетекшісі, халықаралық айтыс ақындарымен жыр термешілер одағының Солтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының бөлім басшы, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі. Шығармашылық кештің шымылдығы ақын сөзіне жазылған «Қызылжар» әнімен ашылды. Кеш барысында Жарқын Жұпарханның жаңа өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған тың туындылардың тұсауы кесілді.

СНХ: ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫС АҚЫНДАРЫМЕН ЖЫР ТЕРМЕШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ» СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ


Кешке қатысушылар арасында мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың лауреаттары, сондай-ақ айтыстың әйгілі дүлдүлдері болды. Шырғамашылық кештің құрметті қонағы қазақ өнерінің абызы, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.

СНХ: ТҰҢҒЫШБАЙ ЖАМАНҚҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ


Қызылжар өңірінде айтыс өнерінің дамуына үлес қосқан айтулы азаматтардың бірі Жарқын Жұпархан. Оның айтыс сахнасында жүргеніне жиырма жыл болды. Осындай ұлы өнер сахнасында ол талай дүлдүл ақындармен додаға түсіп, талай аламанның көрігін қыздырды. Сол сөз майданының жүйріктері, алтын домбыра иегерлері сахна төріне шығып, Құлманбет айтысы ұйымдастырылды.


Жуырда Жарқын ақынның «Шабыттың шаңқай түсінде» атты алғашқы айтыстар жинағы жарық көрді. Шығармашылық кеште осы кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.


Жарқын Жұпархан бүгінде өзі де әке атанып, көп балалы отбасы болып отыр. «Әке көрген оқ жонар, әкеге қарап ұл өсер»,- дегендей Жарқынның тұлабойы тұңғыш ұлы Сұлтан да қазақтың қасиетті қара домбырасына бала кезінен құмар болып өсіп келеді. Өлең жазып, күй тартып, оқушылар арасында өткен көптеген айтысқа қатысты. Шығармашылық кеште әкесіне арнауын тарту етті.


Өнер кешінің соңында Жарқын Жұпархан көрермендерге алғыс білдіріп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің мәңгі сөнбейтінін жеткізді.