Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Сапар барысында тұрғын үй, білім, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларының даму барысы талқыланды.
Бірінші кезекте өңір басшысы Бескөл ауылындағы 2025 жылы пайдалануға берілген 50 пәтерлі тұрғын үйді аралады. Жобаның жалпы құны 956 миллион теңге. Тұрғын үй «Отбасы банк» арқылы жүзеге асқан.
Одан кейін облыс әкімі «RM Stone» серіктестігінің зауытында болды. Мұнда кран жабдықтары мен металл құрылымдары шығарылады. Жоба құны – 260 миллион теңге, қаржы толықтай кәсіпорынның өз есебінен бөлінген.
Бескөл №2 орта мектебі Мемлекет басшысы өз жолдауында атап өткен басты бағыттарды дамытып жатыр. Қазір оқу процессі цифрландырылған. Оқушылар робототехниканы меңгеріп, жетістіктерге жетуде. Жасанды интеллект бағыты да назардан тыс қалмаған. Мектепте 2 ауысыммен 500 ден астам оқушы білім алады. 87 мұғалім еңбек етеді.
Подгорное ауылында Ғауез Нұрмұхамбетов «Salar farm» серіктестігінің жоңышқаны өңдеу зауытының құрылыс алаңында болды. Құны 5 миллиард теңге болатын жоба толық іске асқанда жылына 60 мың тонна түйіршіктелген жоңышқа өндіріледі. Бұл 15 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Новокаменка ауылында облыс әкімі Соколов топтық су құбырының екінші кезеңі бойынша жүргізіліп жатқан су тарату желілерінің құрылысымен танысты. 5,87 миллиард теңгелік жоба 2026 жылдың соңында толық аяқталмақ.
Якорь ауылында өңір басшысы жаңа ветеринариялық пункттің жұмысын көрді. Нысанның жалпы ауданы 52 шаршы метр, жобаның құны 25 миллион теңге.
514 миллион теңге инвестиция салынған зауыт «Био ТЕС» ЖШС органикалық қалдықтарды өңдеумен айналысады. Кәсіпорын іске қосылған соң 5 жаңа жұмыс орны ашылады.
Вагулино ауылында Ғауез Нұрмұхамбетов бөгет құрылысы барысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 49,6 миллион теңге.
Сондай-ақ облыс әкімі «СК Вагулинское» серіктестігінің жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген әулеттермен кездесті. Серіктестік 5289 гектар жерді өңдейді.
Вагулино орта мектебінде өңір басшысы оқу орнын аралап, білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты. 1992 жылы салынған мектепте 112 оқушы білім алуда. 2019 жылы оқу орны 52 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт пен полиция тірек пунктінің жұмысы да назардан тыс қалмады. Елді мекенде 15 бейнебақылау камерасы орнатылып, барлығы жедел басқару орталығына қосылған.
Вагулино ауылдық клубы 1962 жылы салынған. Мәдениет үйі соңғы жылдары жаңғыртудан өткен. Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі тұрғындармен кездесті.