Солтүстік Қазақстан облысында орман шаруашылығы саласы заман талабына сай техникалармен қамтамасыз етіліп келеді. Облыс әкімінің қатысуымен орман мекемелеріне жаңа өрт сөндіру техникалары, мотоциклдер мен дрондар табысталды. Президент тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан 2027 жылға дейін ел бойынша орман қорын қалпына келтіру жоспары іске асуда.

 Орман шаруашылықтарын жаңа техникамен қамтамасыз етуге үлкен мән беріліп отыр. Осы мақсатта биыл 3 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 27 шағын орман өрт сөндіру кешені сатып алынды. Заманауи көліктер өртті сөндіруге арналған арнайы сорғы жүйесімен, иыққа асатын бүріккіштермен және басқа да қажетті құралдармен толық жабдықталған. Жаңа техникамен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.

СҚО-да 580 мың гектар орман қоры бар. Барлығы 12 орман шаруашылығы жұмыс істейді. Биыл 60 мотоцикл сатып алуға 36 миллион теңге бөлінді. Бұл көліктер орманшылардың жұмысын жеңілдетіп, заңсыз ағаш кесу мен өрт қауіптерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Снх: ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ


Әлік Хамитұлы 2013 жылдан бастап орман шаруашылығында жұмыс істеп келеді. Қазір қарамағында 1800 гектар жер бар. Өрттің алдын алу үшін сол жерді бақылап еңбек етеді. Келесі жылы Әлік Мұрсәлім зейнет демалысына шығады. Оған дейін осы жерде жұмыс атқарамын, маған барлығы ұнайды дейді ол.

Снх: ӘЛІК МҰРСӘЛІМ, ОРМАН ИНСПЕКТОРЫ


Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Таза Қазақстан» акциясы аясында әр өңірге 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын. Облыста 2025 жылы 24 миллион 548 мың түп ағаш көшетін отырғызу көзделген. Бұл жұмысты орман шаруашылығы мекемелері жүйелі түрде жүргізіп келеді.