Қызылжар телеарнасының 65 жылдық мерейтойы және 1 - қазан қарттар күні аясында арнаның ардагер қызметкерлері үшін ерекше іс-шара ұйымдастырылды. Ұзақ жылдар бойы облыс жұртшылығына ақпарат таратып, өңірдің тыныс-тіршілігін көрерменге жеткізген ардагер журналистер мен техникалық мамандар телестудияға экскурсия жасады.
Телеарнаға келген ардагерлер студияның жаңа техникалық мүмкіндіктерімен танысып, жылдар бойы жұмыс істеген қызмет орындарын аралады. Олар қабырғада ілінген фотосуреттерге көз жүгіртіп, өздерінің қызметтегі жылдарын, алғашқы эфирлерді, қызығы мен қиындығы мол кезеңдерді еске алды. Аманғали Ахметбаев 1972 жылы телеарнада өз жұмысын бастап, 35 жыл жарық беруші болып жұмыс істеген.
СНХ:АМАНҒАЛИ АХМЕТБАЕВ, ТЕЛЕВИЗИЯ АРДАГЕРІ
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов қатысып, сөз сөйлеп, тележурналистиканың дамуына зор үлес қосқан телевизия ардагерлеріне алғыстарын білдірді. Олар телевизия ардагерлерінің өнегелі өмір жолы мен қажырлы еңбегі бүгінгі жас мамандарға үлгі екенін атап өтті.
СНХ:ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қарттар күніне арналған бұл кездесу – ардагерлерге деген құрмет пен алғыс қана емес, сонымен қатар ұрпақ сабақтастығын айқын көрсеткен рухани іс-шара болды. Ардагерлер үшін бұл күн сағынышқа толы естеліктермен өрілген қуанышты басқосу болса, жас буын үшін – кәсіби жолындағы үлкен сабаққа айналды.