2025 жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 767-ден астам іс-шара өтті. Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық бастамаға жастар белсенді түрде қосылды. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған экологиялық қозғалыстың басталғанына бір жыл толды.
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары республикалық тазалық пен көгалдандыру челленджін белсенді қолдап, қалалар мен ауылдардың көркейіп, жайлы болуына өз үлесін қосып келеді. Өңірде аумақтарды жаппай тазалау және ағаш отырғызу бойынша экологиялық акциялар жалғасып жатыр. Мәселен, сәуір айының соңында ауқымды жастар акциясы өтті. Ол 300-ге жуық еріктіні, университет пен колледж студенттерін, үкіметтік емес ұйымдарды және бейжай қарамайтын өзге де белсенділерді ортақ үйімізді жарық, жасыл әрі таза етуге жұмылдырды. Өңірде 118 мыңнан астам ағаш отырғызылды, оның 90 мыңы орман қорына енгізілді.