2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Биылғы жылдың 18 шілдесінде Мемлекет басшысы жаңа құжатқа қол қойды. Жаңартылған кодекс бизнесті реттеуді жеңілдетіп, салық жүйесін оңтайландыруды көздейді. Жаңа кодекске сәйкес, салық есептілігі 30 пайызға қысқарады, салық түрлері 20 пайызға азайтылады. Бұдан бөлек, салықтық жеңілдіктер мен алымдар жүйеленіп, жеңілдетілмек.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап айналымдар мен импортқа қосылған құн салығы 16 пайыз мөлшерінде белгіленеді. Сондай-ақ, қосымша құн салығы бойынша есепке қою шегі 10 000 АЕК немесе шамамен 40 миллион теңгеге дейін төмендетілді. 2026 жылдан бастап кейбір тауарлар мен қызмет түрлеріне 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі енгізіледі. 2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу және емдеуге арналған дәрі-дәрмек заттарды өткізу, импорттау қызметтері қосымша құн салығынан босатылады. Қосымша құн салығы мөлшерлемесінің өсуіне байланысты ауыл шаруашылығы саласында өтелетін салық сомасы 70%-дан 80%-ға дейін арттырылмақ. Салық төлеушілер мен жеке тұлғалар жаңа Салық кодексі туралы толық ақпаратты Департаменттің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан ала алады.

СНХ:САЯН МЕЙРАМОВ, СҚО БОЙЫНША МКД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ