Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері өңірде жұмыс сапарымен болды. Іс-сапар аясында делегация Петропавл қаласындағы және аудандық бірқатар әлеуметтік-медициналық мекемелерді аралады.

Ұлттық комиссия мүшелері Отбасы қолдау орталығы мен Тайынша аудандық орталық ауруханасына барып, жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау, кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мәселелерін талқылады. «Күш біріктіре отырып – жастардың репродуктивті денсаулығын сақтаймыз» тақырыбында семинар өтті. Оған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері, медицина мен білім беру мекемелерінің мамандары қатысты. Сапардың мақсаты — отбасылық және гендерлік саясатты жүзеге асыруда тәжірибе алмасу, ана мен баланы қолдауға бағытталған бастамаларды дамыту.