Көршілер ынтымағы: Петропавлда қауіпсіз орта қалай қалыптасып жатыр. Облыс орталығында учаскелік инспекторлардың тұрғындармен және пәтер иелері кооперативтері өкілдерімен кездесудің Бірыңғай күні өтті. Осындай шаралардың бірі Парковая көшесі, 21 үйдің ауласында ұйымдастырылды.


Бұған дейін облыс орталығында «Көршілер бақылауы» бағдарламасы кеңінен жүзеге асқан еді. Ол көршілер, полиция және жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасындағы сенімді қарым-қатынасты дамытуға бағытталды. Бүгінде бұл формат өзгерді: әр көпқабатты үйде мессенджер-чаттар құрылып, оған учаскелік инспекторлар, тұрғындар мен ПИК мүшелері қосылған. Бұл чаттарда тұрғындар күн сайын ұсыныс немесе шағым қалдырып отырады, ал учаскелік полицейлер заң аясында дереу әрекет етеді. Жиын барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, ұрлықтың жолын кесу және жасөспірімдер қылмысына қарсы іс-қимыл тақырыптары талқыланды. Қала тұрғындары полиция өкілдеріне ашықтықтары және тікелей диалог үшін алғыс айтты.

СНХ:Арман Рамазанов – Петропавл қаласы полиция басқармасының учаскелік инспекторы


Сонымен қатар учаскелік полицейлер пайдалы ақпарат жазылған жадынамалар таратып, байланыс деректерімен бөлісті және тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын назарға алды. Мұндай қарым-қатынас пен тәжірибе алмасу қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Осындай кездесулер Петропавл қаласының барлық әкімшілік учаскелерінде ғана емес, облыстың ауылдық аймақтарында да жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл жұмыс тәсілі «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ашықтыққа, кері байланысқа және әрбір тұрғынға назар аударуға негізделіп, мемлекеттік органдарға деген сенімді айтарлықтай арттырады.