Солтүстік Қазақстан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі негізгі өзгерістер талқыланды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес құрылған өңірлік штаб мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Кездесудің басты тақырыбы – сақтандыру жүйесінің қамтылуын кеңейтіп, қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған заңнамалық жаңашылдықтар болды.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының директоры Айнагүл Давлетчинаның айтуынша, негізгі өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл әлеуметтік осал санаттағы бір миллионнан астам азаматты сақтандыру жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Кездесуге қатысушылар әлеуметтік қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. Енді жергілікті атқарушы органдар тіркелген жұмыссыздар мен әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейде тұрған азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлейтін болады. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде мұндай азаматтардың саны 26 мыңнан асады. Сондай-ақ маңызды өзгеріс жарияланды: енді сақтандырылған мәртебе жарна төлеуде алты айға дейін үзіліс болса да сақталады, егер азамат бұған дейін кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса. Бұған дейін бұл мерзім үш ай ғана болатын.