Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер дропперге еріксіз айналып кетпеудің жолдарын түсіндірді. Бұл жолы тәртіп сақшылары СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.
СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне жаңа қауіп туралы полицейлер ескерту жасады. Кездесу тұрақты профилактикалық жұмыс аясында өтті. Әңгіме алдаудың ең кең тараған түрлері туралы болды. Алаяқтар кез келген ведомствоның қызметкері ретінде танысуы мүмкін. Ең бастысы - шынайы қызметкерлер адамдармен телефон қоңырауы арқылы жұмыс істеуге құқылы емес екенін түсіну керек.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары күтпеген ақша аударымдарының қаупі туралы ескертті. Қылмыскерлер адамға ірі сомада ақша аударып, оны қателесіп жібергенін айтып, қаражатты басқа картаға аударуды сұрауы мүмкін. Мұны істеуге болмайды. Бейтаныс адамдардың талабын орындасаңыз, қылмысқа сыбайлас болып қаласыз. Мұндай жағдайда банкке жүгініп, белгісіз көзден түскен ақшаны пайдаланбайтыныңызды және оны жіберушіге қайтаруды сұрайтыныңызды мәлімдеу қажет. Сондай-ақ мұндай күтпеген аударымдар туралы полицияға хабарлау керек.
Милена Балацкая — СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 110 фактісі тіркелді. 31 жағдайда жекеменшік кәсіпорындардың қызметкерлері жәбірленуші болған. Сондай-ақ зардап шеккендердің қатарында 21 зейнеткер, білім беру саласының 13 қызметкері мен студенттер бар. Полицейлер өңірдің еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде профилактикалық әңгімелер өткізеді.