Қоғамдық тәртіпті қадағалауға шығатын полицейлерге ерекше бағыттар бойынша нақты тапсырмалар беріледі. 19 сәуірден бастап патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жолдарда тексеруді күшейтті. Назар әсіресе жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуын анықтауға аударылады. Айыртау ауданында екі елді мекеннің арасында полицейлер жүргізу мәнері сенімсіз көрінген автобусты тоқтатқан. Жүргізушіден спирттік ішімдік иісі қатты шыққан. Медициналық куәландыру оның орташа дәрежеде мас екенін көрсетті.
Абырой болғанда, автобус салонында жолаушылар болмаған. Жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды. Іс-шара барысында облыс көлемінде 174 мас жүргізуші анықталып, 9 мыңға жуық түрлі құқық бұзушылық тіркелді. Полиция қызметкерлері барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.