31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алып, өткенге тағзым ететін маңызды күн. Олар әділ сотсыз «халық жауы» деп танылып, түрмеге қамалды, жер аударылды немесе ату жазасына кесілді. Олардың рухына құрмет көрсету – тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің бір жолы.

2020 жылдан бастап Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп келеді. Бұл бағытта өңірлік топтар да белсенді жұмыс атқарып жатыр. Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сауле Мәлікованың мәліметінше, облыс бойынша 14 274 адам қуғын-сүргінге ұшырап, әлі күнге дейін ақталмаған. Соның ішінде 362 адамға аса ауыр саяси мазмұндағы 58-бап бойынша айып тағылған. Сонымен қатар, 368 ірі бай мен үш мыңнан астам кулак та ақталмағандардың қатарында. Олардың көпшілігі жер аударылып, дүние-мүлкінен айырылған. Маңызды тарихи деректер Қазақстан Республикасы Президентінің архивіне тапсырылып, қазір сол жерде қалпына келтіріліп, зерттеліп, жүйелену үстінде. Қуғын-сүргінге ұшыраған жаңа есімдерді анықтау және әділдікті қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр.

СНХ: СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ