Заречный кенті мен Петропавл қаласының арасын су бөліп тастады. Күн сайын бес жүзге жуық адам төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлерінің көмегімен жұмысқа, оқуға және үйлеріне қайықпен қатынап жүр. «Аралға» айналған шағын аудан тұрғындарының бірі — Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Айдын Ақмағамбетов.
Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық жанжалдарды реттеу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және есепте тұрған азаматтарды бақылау — мұның бәрі жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы атқаратын күнделікті жұмыстың бір бөлігі ғана.
СНХР: АЙДЫН АҚМАҒАМБЕТОВ — ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЖПҚБ БАСТЫҒЫ
Қайықтар тек күндіз қатынайтындықтан, кешкі соңғы рейске үлгеру оңай емес. Ата-анасының үйіне жету үшін шамамен жарты сағат уақыт кетеді. Одан кейін азық-түлік алып, күтіп отырған әке-шешесіне бару қажет. Үйде қызметтегі ұлдарын зейнеткерлер Сайран мен Мақтай Ақмағамбетовтер қарсы алады. Олар үш бала тәрбиелеп өсірген. Қыздары — ел астанасында, үлкен ұлдары жол полициясында қызмет етіп, капитан шенінде зейнетке шыққан. Ал кенжесі Айдын қазір — полиция подполковнигі.
СНХР: САЙРАН АҚМАҒАМБЕТОВ — ӘКЕСІ
Айдын Ақмағамбетов — кәсіби офицер, ішкі істер органдарында 2000 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Бүгінде ол жергілікті полиция қызметі бөлімін басқарады. Таңертең Айдын тағы да Заречный кентінің тұрғындары — жұмысшылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, мемлекеттік қызметкерлер мен студенттермен бірге қайыққа мініп, жұмыс орнына жол тартады. Полиция — бұл мемлекеттік қызметтің жай ғана құрылымы емес, ол — біздің арамызда жүрген қарапайым жандар: көршілеріміз, достарымыз, кезекшіліктен соң шаршап үйге оралатын азаматтар. Осындай сын сағатта жұдырықтай жұмылып, әркім өз ісіне адал болғанда ғана кез келген қиындықты еңсеруге болады. «Күш – бірлікте» деп бекер айтылмаған!