С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Қазақ музыкасының мақтанышы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Іс-шара қазақ музыкасының дара тұлғасы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды. Ұлы сазгерді еске алу кешіне оның шығармашылығын қадір тұтатын жандар мен өңірдегі колледж студенттері қатысты.

Нұрғиса Тілендиев — қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырған композитор және дирижёр. Оның шығармалары халықтық әуен мен классикалық музыканың үндесуінен туған ұлттық қазынаға айналды. Іс-шараның мақсаты — өнер иесінің өмірі мен шығармашылығын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу.

СНХР: ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ — ЕҢБЕК АРДАГЕРІ


Іс-шара барысында жастарға ерекше көңіл бөлінді. Колледж студенттері, жас ақындар мен музыканттар Нұрғиса Тілендиевтің өмірі жайлы тың ақпарат алып қана қоймай, мәдени бағдарламаға белсенді қатысты. Олар композитордың танымал туындыларын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл — Тілендиевтің музыкасы әлі де өміршең екенін дәлелдейді.

СНХР: АЙДАНА ОМАРОВА СТУДЕНТ


Жылы естеліктерге, сырлы әуен мен шынайы эмоцияға толы әдеби-музыкалық кеш рухани мерекеге айналды. Ол түрлі буын өкілдерін бір ортаға жинап, Нұрғиса Тілендиевтің қазақ мәдениетіндегі ұлы орнын тағы бір мәрте еске салды. Оның есімі де, музыкасы да халық жадында мәңгі сақталады.