Петропавл қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Айтулы дата қарсаңында қалада ескерткіштерді жаңғырту жұмыстары кең көлемде қолға алынған. Солардың бірі – «Мәңгілік алау» ескерткіші. Біздің түсірілім тобы аталған нысанға барып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып қайтты.
Бұл жерде ұмысшылар таңнан бері тынымсыз еңбек етуде: мемориал маңына плитка төсеп, ауланы тазалап, сәулеттік элементтерді ауыстырып жатыр. Жалпы, «Мәңгілік алау» ескерткіші маңында 400 шаршы метрден астам аумақты абаттандыру жоспарланған. Айта кету керек, дәл осындай жөндеу және абаттандыру жұмыстары қаладағы тағы үш орында жүргізіліп жатыр: Жеңіс саябағы, 314-атқыштар дивизиясы сквері және Жеңістің 30 жылдығына арналған ескерткіш маңында. Сонымен қатар, өңірде естелік орындарды жаңғыртумен қатар, соғыс ардагерлерінің фотосуреттерін жинау акциясы өтті. Бір жарым айдың ішінде мыңнан астам сурет жиналды. Сол фотолардан баннерлер әзірленіп, Жеңіс күніне орай қала көшелерін безендіретін болады.
СНХР: БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ