Заманауи технологиялар балаларды буллингтен қалай қорғайды? Балалар жарақат алатын жол-көлік оқиғаларының санын қалай азайтуға болады? Осы және басқа да маңызды мәселелер облыстық полиция департаментінде талқыланды.

Полиция департаментінде кеңейтілген жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов төрағалық етті. Жиынға полиция қызметтерінің басшылары, білім беру және прокуратура өкілдері қатысты. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасөспірімдер қылмысы 60%-ға төмендеген. Спикерлер балалар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсету жобалары, білім беру мекемелерінің техникалық қауіпсіздігі, бейнебақылау жүйелерінің тиімділігі және кіруді бақылау жүйелері туралы баяндады. Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сурағанова жасанды интеллект жүйесі туралы айтты. Бүгінде пилоттық жоба аясында 6 оқу орны осы жүйені қолданып келеді.

Жол қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Биыл 12 бала жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен, оның екеуі жаяу жүргінші болған. Полиция департаменті басшысының орынбасары Құрманғали Исмағұлов жол қозғалысы жас инспекторларының жұмысын жандандыруды және жол жүру ережелері бойынша арнайы оқу сыныптарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.