Петропавлда 1 наурыз алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Туған жерім – Қазақстаным» атты форум өтті. Салтанатты іс-шарада облысымыздың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатқа ие болып, құрметке бөленді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында құрылды. Қазіргі таңда бұл институт елдегі бейбітшілік пен бірлікті сақтауда маңызды рөл атқарып келеді. Ұйым барлық қазақстандықтарды ынтымақтастыққа және бір шаңырақ астына бірігіп тату – тәтті өмір сүруге шақырады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Парламентте өкілдері бар Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатқан тіиімді құрылымға айналды. Ұйым мүшелері маңызды бастамалар көтеріп, елге қажетті жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазақстандағы ауқымдағы өзгерістерге де барынша атсалысып келеді. Ассамблея ұлттың жаны сапасын қалыптастыру, Отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқарады.

Сондай-ақ, облыс әкімі солтүстікқазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Құрметті жерлестер, Алғыс айту күні адамдарды сыйластыққа шақырады. Бұл күн Қазақ халқына деген құрметтің белгісі. Мейрам баршаңызға бақ пен мереке, молшылық әкелсін. Еліміз дами берсін. Мереке құтты болсын.

Түрік этносының өкілдері Қазақстанға 1944 жылы қоныс аударған. Биыл қазақ жерін мекен еткендеріне – 81 жыл толып отыр.Айта кетейік, бүгінде облыс орталығының өзінде 50-ге жуық Түрік отбасы тұрады. «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Симанос Шаханова Алматы облысында туып-өскен. Бүгінде Петропавл қаласында табысты еңбек етіп жатыр.

СИМАНАС ШАХАНОВА, «ТҮРІК МӘДЕНИЕТІ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

- Қазақ елі, Қазақ халқы. Міне, бүгін 4 мейрам бірге болып жатыр. Оның бірі –алғыс айту күні, екіншісі – Ассамбляның 30 жылдығы, 3 мейрам - Көктемнің бірінші күні, ал 4 мейрам – Ораза басталған күн. Қазақстан халқын құттықтаймын.Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын. Әрқашан жақсылық болсын. Менің бойымда Түрік қаны болғанымен, менің Отаным – Қазақстан. Қазақстанда тудым, Қазақстанда өстім.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері де бүгінде мемлекеттік тілдің дауына да өз үлесін қосып жатыр. Достық үйінде қазақ тілін оқытатын курстар бар. Оған барлық этнос өкілдері келіп, тегін тіл үйрене алады.

РАШИД НАДИРОВ, «БАРБАНГ» КҮРДТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» РҚБ СҚФ БЕЛСЕНДІСІ:

- Қазақ тілі – бұл үлкен рухани мәртебе. Қазақтың мақал-мәтелдері, әндері күйлері, сондай-ақ, жазушы ақындардың жазған шығармаларының барлығы бұл рухани байлық. Сол дүниемен танысу үшін біз тілді білуіміз керек. Сондықтан, қазіргі таңда барлық ұлттар бірігіп, тілдің даумына өз үлесін қосып жатыр. Біздің белгілі, жергілікті жазушымыз Герольд Бергердің айтқан бір бір сөзі бар еді. Ол «Мен немісекенімді ұмытпайтын намысты қазақпын» дейді. Сол секілді біз де бәріміз намысты қазақпыз.

Айта кетейік, 30 жылдық мерейтойға орай «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі «30 қадам ізгілікке» атты челлендж ұйымдастырған болатын. Нәтижесінде 1 ай бойы белсенділер күнделікті ұйымдарға барып, түрлі қайырымдылық іс-шараларын өткізді.