Өткен көктемде өңірде алапат су тасқыны болып, Есіл өзеніне жақын орналасқан елді мекендер мен Петропавлдың бірнеше шағын ауданы су астында қалды. Мұндай жағдайдың қайталану қаупіне байланысты Заречный ауданының тұрғындарына қоныс аудару ұсынылды.
Былтырғы тасқынға дейін мұнда 913 адам тұрған. Су кеткеннен кейін 189-ы тұруға жарамсыз болып, бұзып алынды. Қазіргі таңда мұнда 251 үй және 521 адам қалған. Оның 160-ы пәтер болса, қалғаны – жеке тұрғын үй. Сондай-ақ мектеп және ерлер колониясы орналасқан. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулованың айтуынша, қоныс аудару процесі заң аясында жүргізіледі. Әкімдік тұрғындарға жаңа баспана немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігін ұсынып отыр.
ӘСЕМ АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
- Ол жерге бөгет салу тиімсіз болғандықтан, тұрғындарды көшіру қажет деген шешім қабылданды. Қазіргі уақытта қалада екі көпқабатты үй салынып жатыр, және Заречный тұрғындары заңға сәйкес сол жерге көшірілетін болады. Егер пәтер алғысы келмесе, ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі бар. Ал өз үйлерінде қалғысы келетіндерге ешқандай шектеу қойылмайды – бұл олардың өз еркі. Ол жерде түзету колониясы да бар, және қазіргі таңда оның жаңа орны таңдалып, басқа жерге көшірілетін болады. Сонымен қатар, қалада 500 орындық жайлы мектеп салынып жатыр. Егер қажеттілік туындаса, оқушылардың барлығы сол мектепке көшірілетін болады.