Облыс полицейлері жастар арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жалғастырып жатры. Бұл жолы олар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Іс-шара барасында ауылдық мектептердің оқушылары полиция қатарында қызмет ететін әлем чемпионымен танысты.

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде оқушылар полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Жақыповпен кездесуге мүмкіндік алды. Ол жылдам қимылдайтын арнайы жасақ құрамында қызмет атқарады, екі дүркін Азия чемпионы және кикбоксингтен Әлем кубогының иегері. Спортсүйер жастар полиция офицеріне қызықтырған сұрақтарын қойды. Кездесуге «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасының иегері, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Владимир Синицын де қатысты.

Сақшылар балаларға полицей мамандығы, қоғам игілігі жолындағы қызметі және өзін-өзі дамытудың мүмкіндіктері туралы айтып берді. Сондай-ақ жастар жасырылған есірткіні тауып алған қызметтік-іздестіру итінен қошеметтерін аямады. Арнайы жасақ қызметкерлері көрсеткен қоян-қолтық ұрыс әдістерін видеоға түсіріп алуға асықты. Бұдан бөлек, сахна төрінде полиция қызметкерлері мен ардагерлері, жас полицейлердің ата-аналары марапатталды. Сонымен бірге кездесуде ПД мәдени орталығының вокалдық тобы әннен шашу шашты.

Полицейлер ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу туралы ақпаратты тұрғылықты мекенжай бойынша орналасқан полиция бөлімдерінен немесе әлеуметтік желілердегі СҚО полиция департаментінің парақшаларынан білуге болатынын еске салады.