Облыста 2 күнде 35 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өңірде «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Тәртіп сақшылары 5 ақпаннан бастап «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Полицейлер кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз көңіл көтеру орындарында 22.00-ден кейін, ал үйден тыс жерде сағат 23.00-ден кейін жүруіне болмайтындығын ескертеді.

Айнагүл Сауытбекова – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында жасөспірімдермен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың жасалуына жағдай жасайтын немқұрайлықтың жолын кесу қажет.

Сауда-ойын-сауық орталықтары, көңіл көтеру орындары тәртіп сақшыларының назарында болды. Ювеналдық полицейлер бұған дейін кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар тіркелген мекенжайларды да тексеріп жатыр.

Екі күн ішінде облыс бойынша кәмелетке толмағандар тарапынан немесе оларға қатысты жасалған түрлі 91 құқық бұзушылық анықталды. 35 заңды өкіл ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін, 10-ы – жасөспірімдер жасаған бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылды.