Кеше мемлекет және қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының құрметті азаматы Жақсылық Ғабдоллаұлы Ысқақов өмірден озды.

"Ол бүкіл ғұмырын ауыл шаруашылығын дамытуға, мемлекеттілікті нығайтуға және туған өлкенің өркендеуіне арнады. Оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын", - деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында. Еңбек жолын агроном болып бастаған Жақсылық Ғабдоллаұлы бірнеше өңірде басшылық қызметтерге дейін көтеріліп, абыройлы еңбек етті. Жақсылық Ысқақов ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне атсалысып, партия органдарында және мемлекеттік қызметте өзін білікті және білімді басшы ретінде танытты. Еңбек демалысында да облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысына және өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрді. өзінің баға жетпес тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үйретті.

Жақсылық Ғабдоллаұлы – өмірін халыққа қызмет етуге арнаған, шынайы бедел мен құрметке ие болған қайраткер. Оның есімі ел жадында мәңгі сақталады.