СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Шал ақын ауданына барды. Сапар барысында ол Сергеев су қоймасының көктемгі су тасқынына дайындығын тексерді. Мамандар гидротораптың жағдайын және көктемгі су тасқынына қатысты болжамдарын айтты.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Сергеев су қоймасының жағдайымен танысты. Қазіргі таңда су қоймасын қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасуда. 2024 жылғы су тасқынынан кейін су қоймасының жанындағы сол жақ жағалаудан 2 мың шаршы метр балшық жуылып кеткен. Сол мәселені қалпына келтіру үшін тас төселіп, бетон жабыны жабылған. Қазіргі таңда жұмыстардың барлығы аяқталған.
Шұғайып Ибатуллин, «Қазсушар» РМК СҚО филиалының директоры:
- Бүгінгі таңда Сергеев су қоймасы қалыпты жұмысында істеп тұр. Қазіргі уақытта судың ағымы 2 см көтерілді. Дегенмен де ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Су тасқынының алдында комиссиялық тексеруден өттік. Сергеев гидроузел да Петропавл су қоймасы да қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Біз осы биылғы су тасқынына екі гидроузел да дайын. Жоспарда болған жұмыстардың барлығы атқарылды. Биылдыққа тағы да көп жұмыстарды алдымызға жоспарлап отырмыз. Оның барлығы қазір тендерлік уақыт өтіп жатыр, сол жұмыстарға арналған. Осы жұмыстар биыл жақсы аяқталғаннан кейін біздің гидроузелдың жағдай тұрақты деп есептейміз.
Мамандардың пайымдауынша СҚО бойынша топырақтағы ылғал қоры 100-ден 216 мм-ге дейін құрайды. Бұл облыстың басым бөлігінде көпжылдық көрсеткіштерден 2 есеге асып түседі. Қазіргі уақытта қар жамылғысында ылғал қоры жинақталуда. 30 қаңтарда жүргізілген далалық жұмыстардың қорытындысы бойынша облыста қардағы ылғал қоры 27-ден 96 мм-ге дейін құрайды. Бұл облыстың көп бөлігінде нормаға жақын, ал облыстың оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс аумақтарында 30-60 % нормадан асып түседі.
Қымбат Мерғалымова, «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының директоры:
- Жалпы су тасқынының болуы метереологиялвқ факторларға тікелей байланысты. СҚО бойынша топырақтағы ылғал қоры 100-ден 216 мм-ге дейін құрайды. Бұл көпжылдық мәндерден екі есеге артып түседі. Қалған мұздың қатуы, жауын шашынның мөлшері қалыпты жағдайда. Бүгінгі таңда 30 қантар күні далалық түсірілім жұмыстары жасалды. Қортындысы бойынша облыста қардағы ылғал қоры 27-ден 96 мм-ге дейін құрайды. Бірақ Ғабит Мүсрепов атындағы аудан мен Уалиханов аудандарында қар қойнауындағы судың мөлшері көтеріліп тұр. Болжалды гидрологиялық есеп бойынша биылғы жылы Сергеев су қоймасына келетін судың көлемі 1,7-2,8 млрд шаршыны құрайды деп күтілуде.
Сергеев су қоймасына келетін қалыпты су мөлшері 1,3 млрд шаршы суды құрайды. Қазіргі таңда облыс бойынша 19 гидрологиялық бекет орнатылған. Биылғы жылы наурыз айында тағы да жаңа 3 гидрологиялық бекет өз жұмысын бастайды. Облыс әкімі арнайы мамандарға күнделікті су мөлшері мен гидрологиялық есептерді бақылауда ұстауды тапсырды.
Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі:
- Біз биыл еріген қар суы мен Қарағанды қаласынан келетін суды қадағалауымыз керек. Шағалы су қоймасы тез толады. Оның су сақтау қоры өте төмен. Сондықтан да біз осы уақыттан бастап Тайынша ауданына назар аударуымыз керек. Төтенше жағдай департаменті аудан әкімдігімен бірге жұмысты қолға алыңыздар. Басты мәселе қарағанды қаласынан басталатын ағын суды тоқтата алуымыз керек. Бар күшімізді сол жұмысқа салуларыңызды тапсырамын.
Мамандардың айтуынша қазіргі таңда Сергеев және Петропавл су қоймалары қалыпты түрде жұмыстарын атқарып тұр. Қалпына келтіру жұмыстарының бір бөлігі аяқталған. Қалған жұмыстар жақын арада басталатын болады.