Петропавлда грек-рим күресінен КСРО-ның спорт шебері Василий Левчукті еске алуға арналған республикалық турнир басталды. Жарысқа Қазақстанның бірнеше аймағынан келген 160 жас палуан қатысып жатыр. Сайыс 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ал, 2018 жылы республикалық турнир мәртебесін алды.

Василий Левчук өзінің бар өмірін грек-рим күресіне арнаған. Ол – КСРО-ның спорт шебері. Жаттықтырушы болып, жастарды спортқа баулып, өңіріміздегі грек-рим күресінің дамуына сүбелі үлес қосты.

МАРИНА ЛЕВЧУК, ВАСИЛИЙ ЛЕВЧУКТІҢ ЖҰБАЙЫ:

- Күйеуіммен студент кезімізде таныстық. Ол сол кезде грек-рим күресімен шұғылданып жүр еді. Сосын отбасын құрып, 50 жылдан астам уақыт бірге өмір сүрдік. Спорт шебері болса да, басқа да ғылымдарды бірге алып жүрді. Физиканы жақсы көрді. Қазір бәріміз оны сағынамыз. Жылда күйеуімді құрметтеп, сыйлап еске алып жатқанын көріп қатты қуанып қаламын.

Ал, Жамбыл Тасеменов - Василий Левчуктің досы болды. Екеуі спорт саласында бірге жүріп, жетістіктерге бірге жеткен.

ЖАМБЫЛ ТАСЕМЕНОВ, СҚО-НЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:

- Мен Василий Николаевич Левчукті 1962 жылдан бері білетінмін. Мен институтқа 1-курсқа түскен кезде ол физматта оқып жүрді. Содан бері бірге жүрдік. Жаттығып, жаттығуларға қатысып,басқа қалаларға барып жүрдік. Оның баласы да осы спорттан жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

Василий Левчукті еске алу турниріне көрші елден келген жас палуандар да қатысады. Сайыс 2 күнге созылады. Жүлдегерлерге мақтау қағаздары, медаль және кубок табысталады.