Биыл ҚХА құрылғанына 30 жыл. Осыған орай «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі «30 қадам ізгілікке» атты челлендж бастады. Нәтижесінде белсенділер күнделікті әртүрлі ұйымдарға барып, іс-шаралар өткізеді.

Бүгін челленждің алғашқы күні. Бірлестіктің белсенділері алғашқы игі істі «Арман» балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бастауды жөн көрген. Олар тәрбиелушілермен ойын ойнап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, «ЖАСТАР АССАМБЛЕЯСЫ» РҚБ СҚОФ БАСШЫСЫ:

- 30 күн ішінде әртүрлі бағытта қайырымдылық акциялар өткізіледі. Мысалы, «Асар», «Қамқор», эконауқандар. Ертең жануарларға да көмектесеміз. Негізі, біз мұндай акцияларды жыл бойы өткіземіз. Бірақ осы жыл біз үшін ерекше болғандықтан, баса назар аударып өтырмыз.

Жалпы, «Арман» балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылғанына 25 жылдан асқан. Бүгінде мұнда 6-18 жас аралығындағы 14 тәрбиеленуші бар.

СЫМБАТ ДУЙШАНБЕ, «АРМАН» БАЛАЛАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

- Бүгін бізге Қазақстан Халқы ассамблеясының өкілдері келді. Олар бізбен түрлі қызықты ойындар ойнады. Біраз сергіп қалдық. Негізі, бізге қонақтар жиі келеді. Олар да біздің көңілімізді көтеріп, сыйлықтар береді.

«30 қадам ізгілікке» челленджі наурыздың 1-не дейін жалғасады. Бұл іс-шара қос бірдей мейрамды қамтиды. Ол - алғыс айту және 1-ші наурыз мерекелері.