• Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында бірінші сынып оқушылары өздерінің алғашқы кітабы – әліппемен қоштасты. Жыл сайын кітапхана ұжымы қалалық мектеп оқушыларына осындай іс-шара өткізеді. Бүгін бірінші it-лицейдің 17 оқушысы әліппемен қоштасты.
  • Іс-шараның негізгі мақсаты-балаларды ерте жастан оқуға тарту. Жиын күніне 2 мәрте: таңғы сағат 10-да және 12-де өтеді.
  • ГҮЛИЯ ЕРЕЖЕПОВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:
  • - Бұл жыл сайын өткізілетін іс-шара. Балалар әліппемен қоштасады. Соған орай мереке өткіземіз. Басты мақсатымыз – кітап оқуға шақыру және кітапханамен таныстыру. Сондай-ақ,бұл арқылы балалар 3-4 айда білген-түйгендерін ортаға сала алады.
  • Қоштасу жиынында бүлдіршіндер жұмбақтың жауабын жарысып тауып, ән айтып, би биледі. Оларға арналып театрландырылған қойылымдар да әзірленген.
  • ЕЛИЗАВЕТА ДЕМЬЯНЕНКО, ОҚУШЫ:
  • - Менің есімім Лиза. Жасым 6-да. Жақында 7-ге толамын. Біз мұнда мұғаліммен және сыныптағы достарыммен келдік. Түрлі ойындар ойнадық. қызықты кітаптар да көп екен. Маған іс-шара ұнады.
  • Жалпы, қаңтар айының 10-нан басталған іс-шара 28-іне дейін жалғаспақ. Осы уақыт аралығында кітапхана ұжымы №7, №14 және бірінші гимназияның оқушыларын қабылдамақ.