Қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбегі күрделі әрі жауапты жұмыс. Ал бұл салаға бар өмірін арнау екінің бірінің қолынан келе бермес. Бүгінгі сюжетіміздің кейіпкері 40 жылын осы салаға арнаған. 

Қанат Құрмашев 21 жасынан бері жүргізуші болып жұмыс істеп келе жатыр. Бұған дейін ауылдық жерде жүк көлігі, трактор айдаған болса, 2007 жылдан бері осы Петропавл қаласының автобус паркінде жүргізуші болып істеген. Жұмысқа шықпай қалсам шаршап қаламын дейді.

 ҚАНАТ ҚҰРМАШЕВ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

- Осы жұмыспен 1985 жылдан бері водительский құжат алғанмын. Содан бері істеп келе жатырмын. Басқа ешқайда ауыспадым. Жасым уже пенсияға жақындады. Алла жазса соған дейін істей беремін деп ойлаймын. 

Күнделікті жүздеген жолаушыны тасымалдап, олардың қауіпсіздігіне жауап беру оңай емес. Кейде жолаушылармен әртүрлі оқиға орын алып жатады. Кейіпкеріміздің айтуынша әр жолаушының мінін көре берсе, бұл жұмысты істеу мүмкін емес дейді.

ҚАНАТ ҚҰРМАШЕВ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

- Халық ақырын үйреніп келе жатыр. Бұрын біз бәлен жыл істеп жүрміз. Қазір тәртіпті. Амандасады, рақметін айтады. Қазір ұрыс шамалы. Анда-санда жәй ұрсысып қалады. Онсыз болмайды. Біреу кешігеді. Біреу асығады. Кіргенде ашуланып кіреді. Жаман сөз айтпайды енді. Кейіннен түсініп кешірім сұрайды. Кісілер жаңа ғана кірді, 5 минуттан кейін шығып кетеді. Әрқайсысына көңіл бөле берсең, осындай жұмысты тастау керек болады. 

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмыс кестесі көбіне таңертеңгі және кешкі уақыттарда аса сақтықты талап етеді. Таңнан кешке дейінгі бір қалыпты жұмысқа шыдайтын жандар аз дейді кейіпкеріміз.

ҚАНАТ ҚҰРМАШЕВ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

- Әріптестердің көбі баяғы кезден таныс жігіттер. Көбі менімен жасты, құрдастар да бар. Жастар қазір шамалы. Бәрі уже көп жыл істегендер. Бір бірімізді білеміз. Түсінеміз қандай жағдай болса да. 

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбегі қиын әрі жауапты жұмыс. Ол тек кәсібилікті емес адамгершілік пен мейірімділікті де талап етеді. Мұндай салаға бар өмірін арнаған еңбек адамы қашан да қадірлі.