Биыл ҚХА мерейтойы "Бірлік пен келісімнің 30 жылы" деген тақырыпта өтпек. Мерейтой аясында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін таныту және азаматтарды осы жұмысқа тарту бойынша ондаған имидждік іс-шаралар өтеді. Соның бірі жергілікті университетте ұйымдастырылды.
Студенттер демалып жатқанда, Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ оқытушылары «Қысқы мектеп» курсының ашылуына жиналды. Ол биыл аталып өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған.
ЛЮДМИЛА ГРИВЕННАЯ - М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ "ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ" КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
- «Қысқы мектеп» деп аталатын оқыту курсына оқытушылар, кураторлар, облыстағы ҚХА-ның өкілдері, қала мектептері мен колледждер және кітапханалардың қызметкерлері келіп отыр. Қатысуға ынта білдіргендердің саны аз болмады. 60-қа жуық адам қатысып жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты - жастар ортасында рухани-адамгершілік құндылықтарды, патриотизм мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру.
Жалпы, курс 2 аптаға шақталған. Алғашқы аптада қатысушылар штатты режимде оқытудан өтсе, келесісінде онлайн түрде тапсырмалар орындайды.
ЮЛИЯ СЕМЁНЫЧЕВА, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ СТУДЕНТТЕРМЕН ЖҰМЫС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:
- 2 апта бойы бізге жастар арасындағы адамгершілік құндылықтары мен патриотизмды қалай қалыптастыру керек екенін үйрететін болады. Болашақта студенттермен жұмыс істеуге септігін тигізеді.
Қатысушылар берілген уақыт ішінде тәжірибе алмасады, ғылыми-әдістемелік бағдарламаларды талқылайды, диалог алаңдары мен тренингтерге қатысады.