Петропавлдағы М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенттеріне жаңадан салынған 2 жатақхана пайдалануға берілген болатын. Оның біреуі 1200 орындық болса, екіншісі 156 орынға шақталған. Одан бөлек университетке тиесілі тағы 4 жатақхана бар.
Жұмабаев көшесінде орналасқан жаңа студенттер үйі 1200 орынға арналған. Жатақхана құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Мұнда білім алушылардың жайлы тұруы үшін барлық жағдай жасалған. Жатақхана іші толығымен жиһазбен жабдықталған. Ас үй, тренажер залы және медициналық кабинет те бар. Сондай-ақ кір жуатын машиналар қойылып, киім үтіктейтін орын да қарастырылған. Келесі айда студенттер жаңа жатақханаға орналаса алады.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР:
- Бүгінде біздің университетімізде барлық өңірден және шет елден келген студенттер білім алып жатыр. Алдағы уақытта білім алушылардың санын көбейту ойда бар. Яғни 3 жыл ішінде 10 мың студентке дейін болуы мүмкін. Осы жаңа 2 жатақхананың қодданысқа берілуімен біз студенттердің ең маңызды мәселелерін шештік. Енді орын бойынша ешқандай қиындық болмайды. Тіпті бос орындар болады. «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алуға келген жастар да осы жерде тұра алады.
Екінші жатақхана Театр көшесінде орналасқан. 4 қабатты ғимарат 156 орынға шақталған. Сондай-ақ, сырттан келген оқытушыларға арналған 25 пәтерлік бөлме бар.
АНДРЕА ЗУККОЛО - ПРОФЕССОР:
- Мен Сауд Арабиясынан келдім. Университетте бас зерттеуші болып жұмыс істедім. Италияда және Аризона университетінде де қызмет атқардым. Менің мамандығым биоинформатика және өсімдік геномикасы саласы. Енді мен Қозыбаев университетінің студенттеріне үш курстан сабақ беремін және ғылыми зерттеулер жүргіземін. Менің мақсатым-дәнді дақылдардың геномикасы тұрғысында Қазақстанның дамуына ықпал ету.
Жергілікті оқу орнын агротехникалық зерттеу хабына айналдыру үшін мықты кадрлар тартылып жатыр. Студенттерді қаржылай қолдауға келетін болсақ, 1 қыркүйектен бастап шәкіртақы мөлшері өседі деп жоспарланған.
МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА МҮШЕСІ:
- Қазіргі кезде студенттер орташа есеппен 47 мың теңгедей шәкіртақы алады. 1-ші қыркүйектен бастап ол 57 мың теңгеге ұлғаяды. Соынмен қатар, медициналық және педагогикалық мамандықтар бойынша 75 мың теңгеден 84 мыңға дейін өседі.
Биылдан бастап бакалаврда оқитын студенттердің стипендиясы 9,5 мың теңгеге артады. Магистранттар 117 мың теңге, ал докторанттар 262 мың теңгеге дейін алады.