Петропавлда таңғы сағат 4.50 кезінде Конституция көшесіндегі «Рахат» сауда үйінде өрт шықты. Өрттің аумағы шамамен 300 шаршы метрді қамтыды. Жалын көпқабатты үйдегі пәтерлерге жайылып кеткен.

Сауда үйі өртеніп жатқанда, өрт сөндірушілердің жұмысын қою түтін қиындатқан. Тілсіз жаумен күреске 20 техника және жеке құрамның 70-ке жуық қызметкері жіберілді. 68 адам эвакуацияланды. Оның 18-і бала. Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетілді. Адамдар автобустарға отырғызылып, оларға ыстық тамақ берілді. Өрт таңғы сағат 10.00-ге жақын толық сөндірілді.

НҰРЛАН НҰҚЫШЕВ, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазір тергеушілер оқиға орнында жұмыс істеп, өрттің шығу себебі мен шығынды анықтап жатыр. Отқа оранған аймақтың аумағы шамамен 290 шаршы метрді құрайды. Көпқабатты үйлердегі пәтерлер күйді. Зардап шеккендер жоқ.

Өрт кезінде 10 бутик пен Magnum супермаркеті жанып кеткен. 7 пәтерге зақым келді.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Зардап шеккендерге жатақханадан уақытша баспана берілді, бірақ әлі ешкім келіп өтініш білдірген жоқ. Қазір оқиға орнында әкімдіктің тұрғын үй қызметі жұмыс істеп, өрт кезінде сынған терезелерді бітеп жатыр, сондай-ақ тұрғындарға өрт салдарын жоюға көмектеседі.

Өрт кезінде ғимаратта адамдар болмаған. Нысан соңғы рет былтыр сәуір айында тексеріліп, 16 заң бұзушылық анықталды. Кейін әкімшілік олқылықтардың жойылғандығы туралы есеп берген. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында кінәлі адам анықталса, ол келтірілген шығынды өтеуі тиіс.