Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жанынан азаматтарды қабылдау орталығы ашылды. Ол мемлекет басшысының халықпен жұмысты реформалау жөніндегі тапсырмасы бойынша «Еститін мемлекет» жобасы аясында құрылған. Енді барлық мемлекеттік органдардың қолжетімділігі артып, орталық мемлекет пен азаматтардың арасындағы біртұтас диалог алаңына айналады.

КСМ: Орталық бірнеше ыңғайлы аймақтарға бөлінген. Бұл қабылдау бөлмесі, өтінім түсіру аймағы, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс кабинеті, кеңес беру, түрлі анықтамалармен жұмыс істеуге және талдауға арналған аймақ бар.


РУСЛАН ӘЛІШЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Орталық бізге облыс әкімі аппараты ретінде әрбір өтінішті бақылауға мүмкіндік береді. Бұрын әр басқарма басшысы азаматтарды жеке кабинетінде қабылдайтын. Соңында ол сол азаматтың өтінішіне байланысты қандай да бір шешім қабылдады ма, жоқ па оны білмейміз. Қазір біз кез келген ақпаратты компьютер арқылы көріп отырамыз. Барлығы дерекқорға енгізілген. Сол немесе басқа мәселеге қатысты қандай шешім қабылданғанын бақылап отырамыз.


Орталықтағы процесс автоматтандырылған, цифрлық қызметтер республикалық деңгеймен біріктірілген.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

- Біз орталықты басқа жерде құрғымыз келген. Дегенмен, осы жерді таңдадық. Себебі, тұрғындар облыстық әкімдікке келіп үйренгендіктен, барлығы бір жерде болсын дедік. Әртүрлі кабинеттерде оларға өз өтініштері бойынша түсініктеме алуға мүмкіндік бар.


Облыс әкімі бұл күні азаматтарды жеке қабылдады. Бұл күні оған 3 адам жазылды. Солтүстікқазақстандықтарды әкім орынбасарларымен қатар басқарма басшылары да қабылдады. «Бірлік» шағынауданының тұрғыны Александра Кочешкова тарифтің көтерілуіне қатысты мәселе көтерді.


АЛЕКСАНДРА КОЧЕШКОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

-Мен келесі жылдың тарифтерін білуге келдім, соның ішінде су бағасының өзгеруі. Маған судың тарифі көтерілетінін бірақ баға шарықтамайтынын түсіндірді. 


Жұртшылық бірыңғай орталықтың ыңғайлылығы мен функционалдығына көз жеткізді.


ЮЛИЯ ПРОНИНА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

-Мемлекеттік органдардың мұндай қолжетімділігі халыққа өте қажет, бұл біздің облыс орталығына ғана емес, аудандарға да әсер еткенін естідік. Талдау арқылы қай жерде өзекті мәселелер көп екенін аңғаруға да болады.

КСМ: Бұрын «Ашық әкімдік» деп аталып келген орталықтар облыс аудандарында да құрылды. Қазір барлық цифрлық дереккөздер бір жерде біріктірілген. Әрбір өтініштің орындалуы қатаң бақылауға алынған.