Елімізде шыршаны кесуге тыйым салынған. Қазір саудаланып жатқан қылқан жапырақты ағаштар Ресейден әкелінген. Бірақ оны бізде сатудың белгілі бір тәртібі бар. Өңір полицейлері рейдке шығып, шырша сатушылардың заң бұзғанын анықтады.
Жас қылқан жапырақты ағаштардың заңсыз кесілуіне жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Ол 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Виталий Охрименко — СҚО ПД ЖПҚ басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы:
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс аумағында 20-шы және 31 желтоқсан аралығында «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Қылқан жапырақты ағаштардың заңсыз саудасын анықтау мақсатында орман шаруашылығы аумақтық инспекциясымен бірлесіп мобильдік топтар құрдық, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда 60-қа жуық сауда орны тексерілді. 47 құқық бұзу фактісі анықталды — бұл белгіленбеген жерлерде сауда жасау деректері. СҚО аумағында сатылатын барлық шырша Ресей Федерациясынан әкелінеді, бірақ оларды саудалау үшін сатушылар жергілікті атқарушы органның рұқсатын алуы қажет немесе сауда жасалатын аумақтың иесімен келісімге отыруы тиіс.
Әмірбек Тоққожин — орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:
-Облыста 1 желтоқсаннан бастап қылқан жапырақты екпелерді қорғау үшін мемлекеттік орман күзеті қатарынан 16 стационарлық бекет және 110 мобильді топ құрылды, олар ҚР табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қатаң қадағалайтын болады.
Өңірде шыршаларды аңсыз кесу фактілері тіркелмеген. Полицейлердің айтуынша, егер келтірілген шығын 50 айлық есептік көрсеткіштен аз болса, бұл құқық бұзушылық үшін айыппұл салынады. Егер шығын сомасы жоғары болса, заң бұзушы қылмыстық жауапкершілікке тартылады.