Петропавлда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі халықпен кездесті. Ержан Еркінбаев саланың осы жылғы негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Мәселен Қазақстан Best in Travel 2025 нұсқасы бойынша саяхаттауға ең қолайлы елдердің тізіміне енген. Вице-министр кездесу барысында тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның беделді рейтингке енуі бүкіл әлемде Қазақстан туризміне қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Биыл елімізге 11 миллионнан астам шетел азаматы келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Солтүстік Қазақстан облысында туристер саны 115 мың адамға жетті, инвестиция көлемі 2 млрд теңгеге жуықтаған.

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-Бізде жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын 293 жоба бар. Оның ішінде биыл 122 жоба 120 миллиард теңгені құрайды. Солтүстік Қазақстан облысында 9 млрд теңгенің 21 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл жалпы сомасы 525 миллион теңгеден асатын 5 жоба аяқталды.

Елімізде жолдың және жол бойындағы қызмет көрсету сапасы артып келеді. Бұл саланың дамуына ықпал еткен. Жаңа туристік орындар пайда болып жатыр. Солтүстік өңірде де әсіресе глэмпинг дамып келеді. Солтүстікқазақстандықтар өз кезегінде вице-министрге сұрақтарын қойды. Соның бірі - облыстағы көрікті жерлерге барар жолда жақсы жабдықталған дәретханалардың жоқтығына қатысты болды.

САБИНА ӘМІРОВА, ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

-Біз дәл осындай мәселеге тап болып отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тасымалдаймыз. Бізге жиі аялдауға тура келеді. Алайда жағдай жасалмаған. Мүмкін бұл нысандарды салуға кететін шығындарды субсидиялау қажет шығар?

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біздің заң жобасы туризм, өнеркәсіп жайлы. Біз бірнеше жаңа қолдау шараларын, соның ішінде балалар туризміне өзгеріс енгізуге тырысамыз.

Кездесу соңында еліміздің төл мәдениеті мен сан алуан табиғатын халықаралық деңгейде ілгерілетуді жалғастыру қажеттілігі жайлы айтылды.