Петропавлда дәстүрлі Президенттік жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Салтанатты іс-шараға өңірдің түкпір-түкпірінен 200 бала жиналды. Балдырғандарды облыс әкімі құттықтады. Тілші баяндасын.
Бүлдіршіндерге ерекше атмосфера сыйлаған іс-шара балаларға ұмытылмас әсер қалдырды. Жарқыраған шырша, мерекелік декорация және ертегі кейіпкерлері кішкентай қонақтарды бейжай қалдырмады. Өңір басшысы шыршаға қатысушыларға ақжарма тілегін білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- Жаңа жылдық шыршаға қош келдіңіздер! Біз бәріміз осы әсем, жарқыраған шыршаның жанында жиналып, жаңа жылды қарсы алуға дайынбыз. Бұл қуаныш пен ғажайыптарға толы мереке барша балаларды осы келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Аман болыңыздар, бақытты болыңыздар! Білімдеріңіз жақсы болып, еліміздің білімді азаматтары болыңыздар, өсіңіздер.
Балалар дәстүр бойынша шыршаға арнайы тігілген костюм киіп келді. Егер бұрын мерекеде «қоян», «қасқырларды», «Қызыл телпек» сияқты ертегі кейіпкерлерін жиі көрсек, қазір сән өзгерген. Айыртау ауданынан келген Екатерина Сушконың образы анандайдан көзге түседі. Оның костюмі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деп аталады.
ЕКАТЕРИНА СУШКО, АЙЫРТАУ АУДАНЫ БАЛАЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:
- Костюмім Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын бейнелейді және алдағы 2025 жылға арналған. Костюм ұлттық стильде жасалып, қазақстан халқының достығы мен бірлігін көрсететін элементтермен безендірілген. Костюмнің көркін толықтыра түсетін маңызды бөлігі – ұлттық нақыштағы бас киім мен зергерлік әшекейлер. Олар костюмге ерекше әдемілік береді. Бұл костюмді дайындауға бір айдан астам уақыт кетті. Маған ол өте ұнайды, және оны бүгін сіздерге таныстырып отырғаныма қуаныштымын. Баршаңызға келе жатқан 2025 жылда бейбітшілік, қуаныш, бақыт және молшылық тілеймін!
Сонымен қатар, жаңажылдық кеште балалар өз образдарын ерекше таныстырып, мерекенің сәнін келтірді.
- Мен батырдың киімін кидім. Осы киімді біз анам екеуіміз жеті күн істедік.
- Менің костюмім “Қазіргі Қазақстан” деп аталады. Ол фоамиран мен фильцтен жасалған. Костюмде өрнектер мен маржандар бар.
Айта кетейік, бұл іс-шараға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ оқуда үздік жетістіктерге жеткен балалар қатысты. Жиын соңында оларға тәтті сыйлықтар мен планшеттер табысталды.