Петропавлда «Тұзақ» телехикаясының көрсетілімі өтті. Туындының сценарий авторы, режиссері мен продюсері көрермендермен кездесті. 10 бөлімнен тұратын телехикаяда қазіргі қоғам дерті - ойынқұмарлық мәселесі қозғалған.

Телехикая өмірде болған оқиғаларға сүйене отырып түсірілген. Мамандар фильмді қолға алмас бұрын құмар ойынының шырмауына түскен жандардың іс-қимылын зерттеп, сараптама жүргізген. Сондықтан түсірілімге дайындықтың өзі 1 жылға жуық уақытты алған.

ЕРКЕБҰЛАН ӘЛІМЖАНОВ, СЦЕНАРИЙ АВТОРЫ:

- Ойынқұмар адамның жүзінде, жүрісінде, сөйлеген сөзінде лудоман екені білінбейді. Нашақор екенін білуге болады ғой. Ал ойынқұмар адам мен сияқты костюм шалбар киіп алып жүре береді. Ал ар жағында қандай мәселе жатқанын көп адам біле бермейді. Жүзі көрінгенбегеннен кейін ол мәселе жоқ сияқты болып көрінеді. Шын мәнінде елімізде ойынқұмарлық біздің елімізде үлкен мәселеге айналып кеткен.

Көрсетілімде аталмыш телехикаяның алғашқы бөлімі көрсетілді. Бұған дейін туынды Астана телеарнасында көрерменге жол тартқан еді.

ЛЕЙЛА БЕРІКОВА, СТУДЕНТ:

- Бүгін «Тұзақ» сериалына университеттен 10 шақты студент келді. Лудомания туралы, жастарға айтар ойы бар. Мұндай туындылар жастардың санасына оң әсер етіп, пайдалы болады деп ойлаймыз.

 Жалпы, телехикаяның бір бөлімі 25 минуттан тұрады. Көрсетілімген келген көрермен сериал аяқталғаннан кейін екінші залға өтіп, өзара талқылап, әсерлерімен бөлісті.