10-14 желтоқсан күндері Астанада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы II республикалық олимпиада өтті. Балалар 13 пән бойынша блімдерін сынады. Олимпиадаға Қазақстанның барлық өңірінен 450 оқушы қатысып, 197-і жүлдегер атанды. «Үздік олимпиадалық команда» номинациясында солтүстікқазақстандықтарда бар.

Олимпиада жүлдегерлерін теміржол вокзалынан туған-туыстары мен мұғалімдері қошеметпен қарсы алды. Жалпы облыстан 30-дан астам оқушы қатысқан. Олардың 14-і жүлделі орындарға ие болды.

БАҚЫТ ҒАБДУЛЛИНА, «ҚЫЗЫЛЖАР ДАРЫНЫ» ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің облысымыздың намысын лайықты қорғаған оқушыларды пойыздан қарсы алып жатырмыз. Олимпиада биыл 4 кезеңнен тұрды. Мектепшілік, аудандық, облыстық және республикалық. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша 31 оқушы іріктеліп, финалға жолдама алды. Нәтижесінде біздің командамызда 1 орынды-3, 2-орынды-5, 3-ші-орынды-6 оқушы алды. Одан бөлек тағы 6 оқушы олимпиададағы жоғары жетістіктері үшін грамоталармен марапатталды.

Ауыл балаларының олимпиадасы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бастамасымен екінші рет ұйымдастырылды. Былтырғы олимпиадаға 78 000 оқушы тіркелсе, биыл олимпиадаға 113 000-нан астам бала қатысуға ниет білдірген. Ал олимпиаданың финалдық кезеңіне 1 000-ға жуық оқушы жолдама алып, оның 450-і қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша қатысқан.

Олимпиадада барлығы 197 жүлде сарапқа салынды, оның ішінде 36 алтын, 65 күміс және 96 қола медаль бар.