Қаңғыбас иттер шабуыл жасағанда қалай әрекет ету керек? Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі? Құқық қорғау органдарының техникалық жарақтануы қандай деңгейде? Осындай өзекті сұрақтарға жауап беру мақсатында Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінде мектеп оқушыларына арналған Ашық есік күні өтті.

Петропавл қаласындағы №4 мектептің 9-сынып оқушылары полиция департаментінің музейінде болып, өңірдегі құқық қорғау органдарының тарихымен танысты.


Музейден кейін оқушылар жедел басқару орталығына барып, облыс орталығы мен аудандардың мыңдаған бейнекамераның бақылауында екенін көрді. Кинологиялық қызмет орталығына бару ерекше әсер қалдырды. Мұнда қызметкерлер иттер мен олардың иелеріне қойылатын талаптар жөнінде әңгімеледі.

СНХР: Самат Төлебаев — СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы


Полицейлер қызметтік иттердің тыйым салынған заттарды қалай іздейтінін көрсетті. Сондай-ақ олардың есірткі мен жарылғыш заттарды табуға, із кесу мен одорологиялық сараптамаға қалай үйретілетіні жайында айтты.


Құқық қорғаушылар балалармен қауіпсіздік ережелерімен де бөлісті. Егер қаңғыбас иттер жолықса, ол аумақты айналып өтуге кеңес берді. Ал шабуыл жасай қалса, өзіңізді жарақаттан сақтап қалу үшін итке тістей алатын кез келген затты ұсынуға болады.

СНХР: Елизавета Клёнова — Петропавл қаласындағы №4 мектептің 9 «Б» сынып оқушысы


Осындай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Заң мен тәртіпті қорғау қызметімен таныстыру жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қазақстандық полицияның ашықтығын көрсетуге бағытталған.