Kozybaev University-де алғаш рет «FOUNDATION» факультетінің концерті өтті. Кеште Қытай, Өзбекстан, Иран және Моңғолия елдерінен СҚУ-да білім алып жатқан студанттер өнер көрсетті. Бұл факультетте барлығы 75 шетелдік студент оқиды.

Іс-шараның мақсаты - шетелде жүрген отандастарымызды университетпен және студенттердің өмірімен таныстыру. Студенттердің алған дағдыларын көрсету, сондай-ақ жаңа студенттерді қабылдау, дейді ұйымдастырушылар.

НАСИХАТ СМАЙЫЛ, KOZYBAEV UNIVERSITY «FOUNDATUON» ФАКУЛЬТЕТІ ДЕКАНЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Негізі, биыл бірінші рет осындай кең ауқымда ұйымдастырып отырмыз. Жыл сайын осы аудиторияның көлемінде өтетін. Ал биыл осылай үлкен форматта өткізуді шештік, себебі балаларымыздың өнері өте тамаша. Ондай өнермен тек аудитория көлемінде қалмау керек, үлкен ауқымда облысымыздың барлық тұрғындары білуі тиіс. Біздің қандастарымыздың қандай деңгейде екендігін және шетелдегі қазақ балаларының қандай дарынды екенін көрсету мақсатында осындай шара өткізілді.

Жастар көрерменге қойылымдар ұсынып, би биледі. Кеште сонымен қатар қазақ, ағылшын және монғол тілдерінде халық және қазіргі заманғы әндер шырқалды. Шетелдік студенттердің арасында Қытай Халық Республикасынан келген Ерна Еркін бар. Ол өзінің туған тілін үйрену мүмкіндігіне ие болғанына өте қуанышты.

ЕРНА ЕРКІН, «FOUNDATUON» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

- Мен Қытайдан келген қазақпын. Қытайдан келдім.Өзім Қазақстан деп, қазағым деп осында келіп, қазақшамды жетілдіріп, оқып жатырмын. Концертте Қазақстанның ұлттық полициясының рөлін сомдадым.

Концерт өте әсерлі өтті, көрермендер студенттердің өнерін зор ықыласпен тамашалап, қошемет көрсетті.