Облыс әкімдігінде өңірдің 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша жиын өтті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұмыстары 27,3%-ға, тұрғын үй құрылысы 22,9%-ға, ауыл шаруашылығы 30,2%-ға, инвестициялар көлемі 9,4%-ға өскен. Әкімдік отырысында болған тілшіміз толықтырсын.
Отырыс тағайындаудан басталды. Ерден Шортыбаев бұдан былай жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарады. Бұған дейін ол ведомствоның орынбасары болған. Кейін жиында өңірдің 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жайында айтылды. Биыл ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі шамамен 800 млрд теңгені құраған.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО ЭКОНОМИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы нақты көлем индексінің 30,2%-ға өсуімен 793,9 млрд теңгені құрады.Өсімдік шаруашылығы былтыр 505,8 млрд теңгенің өнімін шығарса, биыл 39,9% өсіммен 630 млрд теңгеге жуықтаған. Сондай-ақ, сүт өндірісі - 5,6% - ға, жұмыртқа-4,9% - ға артқан.
Жиын барысында, өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов төмен нәтиже көрсеткен сала мамандарына жұмысты күшейтуді тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
- 10 айдың қорытындысы бойынша Петропавл қаласы және Тайынша ауданының нәтижесі көңіл көншітпейді. Бұл облыстың жалпы көрсеткішіне әсер етеді.
Бұған не себеп екенін қала әкімі Серік Мұхамедиев түсіндірді. Айтуынша, дайын өнімнің төмендеуі және қосалқы бөлшектердің кешігіп жетуі мәселе тудырған, жылдың соңына дейін көрсеткіштер бойынша қуып жетпек. Сондай-ақ биыл өңірге 370 млрд инвестиция тартылды. Бұл былтырғыдан 9% көп. Жоспар 66%-ға орындалды. Құрылыс саласында оң көрсеткіш бар. Атқарылған жұмыс 20 пайызға өскен.
ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Қараша айында 77 мың шаршы метрді, желтоқсан айында 64 шаршы метр баспананы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Облыс әкімі басқармаларға 2024 жылы экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша ай сайынғы жоспардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.