Көктемгі су тасқыны салдарын жоюға студенттерден құралған жасақтар да ат салысты. Белсенді жастар назардан тыс қалмады. Қозыбаев университетінде салтанатты іс шара өтіп, "Ауыл" партиясының өкілдері жастарды марапаттады.


"Ауыл" партиясы көктемгі су тасқынымен күреске жастар құрылыс отрядтарын тарту туралы бастама көтеріп, мұндай жасақтар ел бойынша ең алдымен біздің облыста құрылды. Жастар жаз бойы Петропавлдағы Бірлік шағын ауданында жұмыс істеп, зардап шеккендерге үй салуға көмектесті. Бүгін партия өкілдері келіп, студенттермен кездесті, белсенді жастарды марапаттап, жаңалықтарымен бөлісті.


ҚУАНЫШ СЕЙІТЖАНОВ "АУЫЛ" ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Солтүстік Қазақстан өңіріне келуіміздің негізгі мақсаты биылғы жылдан бастап біздің партиямыз 24 сьезінде толықтай ребрендигтен өтті. Бұрын ауыл халықтық демократиялық патриоттық партиясы болса, атауда да өзгерістер болды. Қазір ауыл партиясы республикалық қоғамдық бірлестігіміз. Әрине бұл партияның жаңару кезеңінде біз қазір жан-жаққа, әр өңірлерде, солтүстік, батыс, шығыс, орталық оңтүстік өңірлерде семинарлар өткізудеміз.


Марапатталғандардың бірі - Санжар Темірбай. Төртінші курс студенті тарих және экономика факультетінде оқиды. Волонтер биыл көктемде партияға мүшелікке өткен. Оған алғыс хатпен бірге естелік сыйлық – қол сағат сыйланды.


САНЖАР ТЕМІРБАЙ СТУДЕНТ:

- Мен партияға кіріп, белсенді жұмыс атқарып келемін. Құрылысқа қатыстым. Еңбегімізді бағалап жатыр. Жалпы қиын сәтте көмектесу қалыпты жағдай деп ойлаймын.


Қазіргі уақытта партияның құрамында 50 шақты жас бар. Олар қашан да жаңа бастамаларға дайын.