Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің "Gakku" би ансамблі Шымкентте жеңіске жетті. Би тобы халықаралық "Гүлденген қызғалдақтар" хореографиялық өнер байқауында тамаша нәтиже көрсетті. Теміржол вокзалынан өнерпаздарды сыныптастары, туыстары және біздің түсірілім тобы қарсы алды.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің бишілері халықаралық хореографиялық өнер байқауында бірден бірнеше марапатқа ие болды. Қазылар алқасының назарына олар "Ризамын" және "Connection" билерін ұсынды. Нәтижесінде бірінші орын, гран-при және өзіндік ерекшелігі үшін арнайы сыйлық алды. Гаухар Әбжан 11 сыныпта оқиды, би ансамблінде үш жылдан бері өнер көрсетіп жүр.
ГАУХАР ӘБЖАН - "GAKKU" АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ:
- Екінші рет қатысып, жүлдемен оралып жатырмыз. Күнделікті репетицияларда маңдай терімізді төгіп, күшімізді салып, еңбегіміз және хореографтардың төзімі, жалпы үміттеріміз ақталды. Халықаралық байқаудың жүлдесінен бөлек, қаламыздың, облысымыздың атағын халықаралық деңгейде қорғау біз үшін үлкен мәртебе болды.
"Gakku" би ансамблі Петропавлда НЗМ құрылғаннан бері жұмыс істейді. Балалар биге бар ынтасымен қатысып, бұл өз нәтижесін беріп жатыр.
ВИКТОРИЯ ТИХОНКОВА - "GAKKU"АНСАМБЛІНІҢ ХОРЕОГРАФЫ
- Біз екі жыл бұрын дәл осы фестивальге қатыстық, бұл жолы жаңа билерді алып бардық. Өте мықты ұжымдар болды. Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстаннан қазылық етті және Қазақстаннан Зәуре Әжібекова қазылар алқасының төрағасы болды.
Байқауға НЗМ-нің жоғары сынып оқушылары - 24 биші қатысты.