Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Физика» кафедрасының профессоры Андрей Солодовник 6 қазанды асыға күткен. Азамат үшін бүгінгі референдумның маңызы зор. Атом энергетикасы саласының қыр-сырын баяғыда-ақ зерттеген жерлесіміз маңызды мәселенің елімізде көтерілгеніне және оның жалпыұлттық дауыс беру арқылы шешілетіне дән риза. Профессор Петропавлдағы №621 учаскеде таңдау жасады.


АНДРЕЙ СОЛОДОВНИК, М.Қозыбаев атындағы СҚУ «Физика» кафедрасының профессоры:

- Сайлау мен референдумның арасында ұқсастықпен қатар, айырмашылық та барын ұғынуымыз қажет. Алғашқысында тізгін ұстайтын тұлғаны таңдаймыз. Ал мына жерде ел өміріндегі маңызды оқиғаға халық болып дауыс береміз. Бұған дейін түрлі пікір айтылған стансаның салынуы немесе салынбауы біздің қолымызда. Мұндайды тек бейбітшілік орын алған, алға ұмтылуды көздеген елдерден аңғаруға болады. Референдум - билік пен халық арасындағы түсініктің көрінісі.


Бүгінгі таңда демократиялық дамушы елдер референдум арқылы таңдау жасайды. Бұл оларда бұрыннан қалыптасқан. Андрей Солодовниктің сөзінше, түсінік ерте ме, кеш пе жетістікке әкеледі.


АНДРЕЙ СОЛОДОВНИК, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ «ФИЗИКА» КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

Менің ойымша, атом өнеркәсібі, атом энергетикасы есігімізді қағып тұр. Бұл күннің келетінін өз басым күттім. Өйткені, Қазақстан энергия тапшылығын күндердің күнінде шешу керек. Маңызды мәселеге қазірден кіріскен дұрыс.