Айыртау ауданының тұрғыны Асыл Ахметова әлеуметтік желіде ауылдың шынайы өмірін бүкпесіз көрсетіп, әлем жұртшылығы пайдаланатын қосымшаларда әп – сәтте танымал болды. Блогер келіншек осыдан екі жыл бұрын Зерендіде өткен форумда «Көшпенділер» ойынын Қазақстанда өткізуді де ұсынған еді.


 АСЫЛ АХМЕТОВА, БЛОГЕР:

- Қателеспесем 2020 жыл болатын, TikTok желісі қарқынды дамып келе жатты. Бірде үйдің шаруасын істеп жүріп, видео түсіріп, әлеуметтік желіге сала бастадым. Жазбаларыма жұрттың қызығушылығын байқадым. Кейін мініп жүрген жылқыммен бір видео түсірдім. Сол бейнежазба көбіне ұнады. Шөп, су тасып жүрген бейнежазбаларым болды, ауыл өмірін шынайы көрсетуге тырыстым, соларды көріп оқырмандарым жаза бастады.


Асыл Ахметова қазір Айыртау ауданы Лобанов ауылында тұрады. Мектепте және колледжде «информатика» пәнінен сабақ береді. Бірақ хоббиі оның негізгі қызметіне кедергі келтірген емес.


АСЫЛ АХМЕТОВА, БЛОГЕР:

- Ұлттық өнерді, ұлттық спортты насихаттап, балалардың қызығушылығын оятуымыз керек. Бұл біздің бір миссиямыз деп білемін. Балалар естігеннен гөрі, көргенін тез жадында сақтайды. Үлгі болып, қызығушылық тудыру — мақсатым. Түрлі форумдарға, республикалық іс-шараларға шақырту алған кезде жұмыстан сұрануға тура келеді. Кейін балалармен сабақты қуып жетуіміз керек.


Жылқының құлағында ойнайтын Асылдың дауысы да әуезді. Сахнада ән айту – оның бала кезгі арманы болҒАН. қАЗІР қолы босаған кезде аудандық іс-шараларда өнер көрсетеді.


Айта кетейік, Асыл түрлі бәйгеде топ жарып, мамыр айында дәстүрлі садақ атудан ҚР кубогіне қатысқан. Енді Ұлттық спортта білген-түйгенін шәкірттеріне үйреткісі келеді. Оқушылар мен студенттер колледж ауласында жамбы атуды меңгеріп жүр.


АСЫЛ АХМЕТОВА, БЛОГЕР:

- Негізі, садақ атудың екі нұсқасы бар. Еуропалық стильде оқты үш саусақпен тартамыз. Ал, екінші стиль - бұл ат үстінде отырып тартатын нұсқа. Негізі, Еуропалық стиль атта шауып келе жатқанда ыңғайсыз. Сондықтан, батырларымыз бұрын соғыста оқты бармақтың күшімен тартқан. Сол кезде атта қанша қатты шауып келе жатса да оқ ешқайда ұшпайтын болған.


Асыл Ахметованың Инстаграм желісінде 68 500-ге жуық, ал,Тиктокта 30 мыңнан астам оқырманы бар. «Көшпенділер» ойынынан кейін өнеріне қызығушылық танытатын шетелдіктердің да қатары артқан. Ол көпшіліктің назарын ұлттық нақыштағы киімі мен ұзын бұрымы арқылы өзіне аударып келеді. Асылдың енесі де кезінде ат құлағында ойнайтын шабандоз болған. Сондықтан, жаңа отбасы да келіндерінің сүйікті ісін барлық жағынан қолдайды.