Петропавлда әлемдік додалардың чемпиондары және 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері құрметке ие болды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ЖЕҢІМПАЗДАРҒА пәтер кілттерін табыс етті.


Спортшыларымыздың мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізуі ел мерейін өсірді. Жыл сайын солтүстікқазақстандықтар жаттықтырушыларының ғана емес, жерлестерінің артқан үмітін ақтап келеді.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-Облыстың спорт тарихында алғаш рет біздің спортшылар осындай жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі. Бапкерлерге де алғысым шексіз. Нағыз спортшыларды дайындап шығару жоғары шеберлікті талап етеді.


Қазақ күресінен әлем чемпионы Алтынбек Аусағитовке, грек-рим күресінен әлем чемпионы Ислам Евлоевқа және Қытайдағы Азия ойындарының жеңімпазы боксшы Наталья Богдановаға пәтер сыйға берілді.


Астана қаласында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресі бойынша ел намысын сәтті қорғаған Мейіржан Берекетов облысы әкімінің Алғыс хаты мен ақшалай сертификатына ие болды.


МЕЙІРЖАН БЕРЕКЕТОВ, 5-ШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: 

- Ұлттық құрама өзіне берілген тапсырмасын орындап шықты. Мен өзім 60 кг дәрежесінде жеңімпаз атандым. Бірнеше дайындықтардың арқасында осындай жетістікке жеттік.


Жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар ғана емес, жаттықтырушылар да Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.


СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Облыста жазғы және қысқы спорт түрлерінен де жетістіктер аз емес. Бүгін бір отбасыдай болып кеткен спортшыларымызды құттықтауды, марапаттауды жөн көріп отырмыз.


Ел даңқын төрткүл дүниеге танытып жүрген жерлестеріміз алдағы уақытта да әлемдік ареналарда көк туды көкке желбірететіндеріне сенім мол.