Облыс прокуролары алиментті қасақана төлемеушілердің жасырын кірістерін анықтады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасымен алимент төлемдері бойынша міндеттемелерді сақтау мәселесіне тексеру жүргізілді. Алиментшілер балаларына миллион қарызы бар бола тұра, букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға үлкен ақша жұмсап, өз міндеттемелерін орындамай келген.
Мысалы, 4,7 млн теңге мөлшерінде алимент бойынша берешегі бар борышкер, бір жыл ішінде құмар ойынға жалпы сомасы 33,9 млн теңге салып, 14,8 миллин теңге ұтқан.
Сол сияқты, тағы бір борышкер 1,8 млн теңге алиментін төлемей, екі жыл бойы құмар ойынға 2,5 млн теңгесін жұмсаған. Дәл осындай 6 борышкерге қатысты фактілер анықталды. Борышкерлердің букмекерлік кеңселердегі операцияларының жалпы сомасы 56 млн теңгені құрады. Қазір осы деректерге байланысты қылмыстық іс қозғалды.