2 қыркүйектен елімізде күзгі әскерге шақыру басталды. Науқан желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Осы күзде облыстан әскер қатарына 500-ге жуық жігіт алынбақ.
Мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады. Міндетті орындау мерзімі 12 ай. 2 қыркүйектен бері облыста 14 әскерге шақыру орны мен дәрігерлік комиссия жұмыс істеп жатыр. 500-ге жуық жас жігіт әскер қатарына алынады деп жоспарланған.
ӘНУАР ЫБРАЕВ, СҚО ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕРЗІМДІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының негізінде шақыру қағазын алған мерзімді әскери қызметші көрсетілген күні және сағатта жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Себебі ол әскери есепте тұрады. Әскерге шақырылушы медициналық комиссиядан өтіп, әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтағаннан кейін мерзімді әскери қызметке шақыру туралы шешім қабылданады. Кейіннен әскери топ құру үшін облыстық жиын пунктіне жеткізіледі.
Әскерге барудан жалтарғандарға қылмыстық жауапкершілік бар, 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Одан қала берді бас бостандығынан айыру да қарастырылған. Жалпы облыс бойынша әскерге барудан қашып жүрген 743 адамға іздеу жарияланған. Әскерге баруды ынталандыру мақсатында елімізде «Әскери міндетті 2.0» жобасы жүзеге асып жатыр. Ол бойынша сарбаздарға бірқатар жеңілдік қарастырылған.
ӘНУАР ЫБРАЕВ, СҚО ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕРЗІМДІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әскери қызметке шақырылған немесе әскери қызмет өткеріп жатқан қарыз алушыларға банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру бойынша іс-шаралар алгоритмін әзірледі. Ол арқылы қызмет барысында жүрген әскери қызметшілер қарызын өтеуден уақытша босатылады.
Сондай-ақ 2022 жылы Қорғаныс министрлігі еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Білім беру ұйымдары мерзімді әскери борышын өтеген азаматтарды тегін оқытады.
Зарина Кәп