23-31 тамыз аралығында Будапештте жастар мен жасөспірімдер арасында кикбоксингтен әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге қатысқан жерлесіміз Владислав Черенщиков елге қола медальмен оралды. Облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-олимпиадалық резерв колледжінде спортшылар әлем чемпионатының қола жүлдегері мен жаттықтырушыларын қошеметпен қарсы алды.


Владислав Черенщиков облыс атынан әлем чемпионатына қатысып, қола жүлдегер атанды. Ол 5 жылдан астам уақыт спорттың осы түрімен айналысып келе жатыр. Бұл оның ең үлкен жарыстарының бірі. Әлем чемпионатына бармас бұрын ең бірінші Алматы қаласында іріктеу кезеңі өткен.


ВЛАДИСЛАВ ЧЕРЕНЩИКОВ, КИКБОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ:

- Бұл менің ең бірінші үлкен жарысым. Жалпы бұл спорт түріне деген қызығушылық осы залға кіргеннен басталды. Осы әлем чемпионатынан бөлек мен ҚР чемпионатына қатыстым. Ол жерде мен 2-ші орын иелендім. Енді жақын арада ерлер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Бар мақсатым - сол жерде алтын алу.


Владислав Черенщиковты Дастан Қабденов 5 жылдан бері жаттықтырып жүр. Әлем чемпионатынан қола медаль алғанының өзі солтүстікқазақстандықтар үшін үлкен жеңіс.


ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

- Бұл Владтың ең бірінші үлкен жарысы. Болашақта ойлаймын алда әлі үлкен жеңістер күтіп тұр. Осы жарысқа тыңғылықты жаз бойы дайындалдық. Жазда оқу жаттығу жиындары өткізілді. Жалпы физикалық дайындау, боевой сборлар өткізілді. Сол сборларға қатысып міне әлем чемпионтында Қазақстан құрама сапында жақсы нәтижие көрсетті. Негізі Влад ең бірінші 19 жылы ең бірінші келген. 6 сыныпта болғанда. Қазіргі кезде міне 20 жылдан бері спорт интернатты бітіріп, осы колледжда оқуын жалғастырып жатыр.


Айта кетейік, әлем чемпионатына жалпы 53 елден, 812 спортшы қатысқан. Ал Владислав Черенщиков желтоқсан айында кикбокстан ерлер арасында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындығын бастамақ.


Дариға Қуаныш