Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың тағы бір легі баспаналы болды. «Бірлік» шағын ауданында салынған жаңа үйлердің кілтін тұрғындарға Петропавл қаласы әкімі Серік Мұхамедиев табыстады. Айта кетейік, бүгінде барлығы 450-ден астам үй пайдалануға берілді.
«Бірлік» шағын ауданында барлығы 3 мыңға жуық адам тұрады. Қазіргі таңда мұнда «жайлы мектептің» және балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Қала басшысы серік Мұхамедиев тұрғындарды қоныс тоймен құттықтады. Сондай-ақ, жақын арада жолдар салынып, абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілетінін айтты.
ДМИТРИЙ ШМАКОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Мемлекет бізді қиын жағдайда тастамай, қолдау көрсетті. Өте қуаныштымын. Осындай керемет үйлер салып берді. Үйдің жобасын көргеннен ұнады.
Шағын ауданда барлық тұрғын 15 қырүйекке дейін қоныстанады. Қазіргі таңда жұмыс қызу жүріп жатыр. Үйлердің құрылысы уақытылы аяқталуы үшін іске барлығы 100-ден астам техника жұмылдырылған.
ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Бүгінгі таңда 450-ден астам үй тапсырылды. Құрылысқа 1700 адам мен 100 ден астам техника жұмылдырылды. Мұнда панельден және газоблоктан үйлер салынып жатыр.
Богаутдиновтар отбасының қуанышында шек жоқ. Олар үйдің ішін қалай безендіретінін жоспарлап қойған. Қазірдің өзінде баспанаға ең керекті дейтін жиһаздардың көбі алынды. Айта кетейік, «ЗИКСТО» АҚ тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арнап тұрмыстық техникаларды сатып алып берді.
ШАФИК БОГАУТДИНОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Үйдің іші жақсы. Сапалы екені көрініп тұр. Ас үй де кең екен. Енді біз мұнда төртеуіміз, яғни, әйелім, ұлым және келінім тұратын боламыз.
Жаңа шағын аудандағы құрастырылмалы үйлерді «Шар-Құрылыс» компаниясы салып жатыр. Компания өкілдері баспаналардың сапасына 100 пайыз кепілдік береді. Егер қандай да олқылық пен кемшіліктер анықталатын болса, қайтадан түзетіп береді.
ЖАННА БЕКТЕМІРОВА, «ШАР-- ҚҰРЫЛЫС» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Үйлер өте жылы. Жасыл технологиямен жасалған. Барлығы жақсы қапталған. Жылу жағынан ешқандай мәселе жоқ. Құрастырылуы оңай. Жалпы, 1-еуін құрастырып шығуға тек 5 сағат кетеді. Қазірдің өзінде 300 үй дайын.
Құрылыс компаниясының өкілдері тұрғындармен кездесіп, олардың барлық сұрақтарына жауап берді.
Аснурия Абдула