Есіл ауданының орталығы қазіргі Явленканың атауы бұрын Мұса деп аталған. Тарихқа көз жүгіртсек, 19 ғасырдың аяғына дейін ол ауылда Жылғараның үлкен ұлы Мұса тұрып, «Мұсаның қонысы» деп аталған. Алайда 1879 жылы патшаның отаршылдық қоныс аудару саясатымен елді мекенге орыстар қоныстандырылып, атауы “Явленный” болып өзгертілген екен. Енді ауыл тұрғындары оның бұрынғы тарихи атауын қайтаруды ұсынып отыр.
Есіл ауданының орталығы Явленка ауылы Мұсаның қонысы деп аталғанын байырғы тұрғындар жақсы біледі. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Жылғараның үлкен ұлы Мұса – ата мұрасын сақтап, бар байлықты да, билікті де иемденген адам. XIX ғасырдың елуінші жылдарында ағаштан жаңа үлгідегі үй салу сәнге айналады. Алайда, бұл тек ауқатты адамдардың ғана қолынан келген. Атақты Мұса сол уақытта қазіргі Явленка елді мекенінде жеті үй салып, өңірде ағаш үй салуды қолға алған алғашқы қазақтардың бірі болған. Осылайша, оның құрметіне қазіргі Явленка ауылы «Мұса қонысы, Мұса ауылы,Мүсіннің жері » деп аталып кетеді.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
- 1861 жылы Ресейде Крепостнойлық права жойылғаннан кейін осы орталықтағы жерден шаруалар қоныс аударған болатын. Сібірге, Қазақстан жеріне. Сол уақытта біздің жерге, СҚО-ға келген алғашқы қоныс аударушылар Покровка, Петровка селоларының негізін қалады. Бұл 1870жылдар болатын.
Дәл осындай қоныстанушылардың жартысы 1879 жылы Жылғара тұқымының тұрағына келеді. Бұл қоныс Мұсаның жері болғандықтан орыстар “Мусино имение” деп атап кеткен. Олар бұл жерді жыртып, егін егіп қоныстанады, жаңадан үйлер салады. Кейінен орыс крестьяндары жерді жалға емес, бас еркімен иемдену үшін Ресей императорына хат жазады. Ақырында Ақмола губернаторы бұл жерді Жылғариндердің қарамағынан алып, көшіп келген орыстарға пайдалануға бергіздіреді.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
- 1879 жылы қоныстанушылар келіп сол жерді арендаға алады. Біртіндеп олардың саны 3 мыңға дейін көбейген. Солар бірнеше хат жібере отырып, сол жерде Ресей үкіметінің рұқсатымен бірақ біз рұқсат хатты көрген жоқпын. Обращениясын көрдік. Сол жерде «явленное» деген, кейінде «новое явленное» деп айтылады. Сондай елді мекен пайда болған.
“Явленный” деген сөз “жаңа келгендер” мағынасын білдіреді. Енді аудан тұрғындары Мұсаның қонысы болған елді мекенге бұрынғы атауын қайтару мәселесін көтеріп отыр.Ауданның зиялы қауым өкілдерінің сөзінше, қазір Мүсінге бара жатқанын айтатындардың қатары сиреп, көненің көзін көргендер қалмай барады екен.
ОРАСКЕЙ ШАРАПИДЕНОВ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Есіл ауданының тұрғындарының атынан ескі атауын қайтару жөнінде әжептеуір зерттеу жұмысын жүргіздім. Бұл ойдан шығарылған емес. Бұрыңғы аты өзінің .Әлі күнге дейін Явленка селосының солтүстік жағында озеро Мусина деген картада да бар.Халқы да солай айтады. Біз өзіміз де бала кезімізде Мүсінге бардық, Мүсінге келдік деп жүрдік. Содан кейін ол жер Явленка болып кетті.
Тұрғындар енді аудан әкімдігіне барып, ономастика бөлімінің мамандарына да жүгінбек.